04.04.2019 күні колледжімізде «Жігіт сұлтаны – 2019» байқауы өтті. Дүбірлі додада сайдың тасындай іріктелген 12 жігіт бақ сынасты. Сайыс барысында жігіттердің бойындағы күш-жігер, өнерлерімен қатар ойының озықтығы да анықталды. Сайыстың көркін қыздырып,көрермендердің көңілінен шығу үшін жігіттер бар өнерлерін ортаға салып, түрлі сынақтардан өтті. Қатысушылар «Алаштың ер ұланы» кезеңінде өздерін жан-жақты таныстырып өтті.«Сегіз қырлы серілер» және «Шебердің қолы ортақ» кезеңдерінде олар өз өнерлерін көрсетумен бірге қолөнер бұйымдарының хас шебері екендіктерін дәлелдей білді. «Күш атасын танымас» кезеңінде толағайдай жігіттеріміздің білек күші сынға түссе, «Құралайды көзге атқан» кезеңінде серілеріміздің көзінің қырағылығы мен қолының дәлдігі, нысанаға дөп тигізер мергендігі анықталды.«Алуан-алуан жүйрік бар, қазанаты бір бөлек, алуан-алуан жігіт бар, азаматы бір бөлек» демекші, жігіт сұлтанын анықтауда әзілқазылар алқасы біраз толғанды. Бабы мен бағы қатар шапқан екі жігіттің өнері мен білек күші тең түсіп, бас жүлдеге таласты. Қосымша берілген тапсырмалар мен сұрақтарға да жылдам және нақты жауап беріп, екеуі де бас жүлдеге лайық екендіктерін дәлелдеді. Көрермендердің сұрауы және әділқазылардың шешімі бойынша САД-18-22 К тобының оқушысы Совет Иманғали мен САД-18-22Р тобының оқушысы Нұрлыбай Данияр «Жігіт сұлтаны – 2019» деп танылды.









